Orbis Qazaqstan президенті ҚХР-дың құрылғанына 76 жыл толуына арналған мерекеге қатысты
Orbis Qazaqstan президенті Сухраб Махмудов Қытай Халық Республикасының құрылғанына 76 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Шара 23 қыркүйекте Алматыда ҚХР-дың Бас консулы Цзян Вэй ханымның шақыруымен өтті.
Салтанатты кеште сөз сөйлеген Цзян Вэй ханым ротацияға байланысты жақын арада өз қызметін аяқтайтынын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Ол консулдықтың атқарған жемісті жұмысына тоқталып, Қазақстандағы Қытайдың серіктестері мен достарына алғысын білдірді.
Қонақтар мерекелік кештің жылы әрі шынайы атмосферасын ерекше атап өтті. Бағдарлама аясында мәдени алмасуға негізделген қойылымдар көрсетілді: қытайлық әртістер домбырада ойнап, қазақ әндерін орындады.
Кештің қызықты технологиялық бөлігі — Қытайда жасалған AR-очкылардың таныстырылымы болды. Цзян Вэй ханым сөзінің мәтіні осы құрылғыға енгізілгенін, оның ішінде қазақ тілінде де бар екенін көрсетті және қонақтарды құрылғыны сынап көруге шақырды.
Сухраб Махмудов Цзян Вэй ханымға Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарды дамытуға қосқан зор үлесі үшін ризашылығын білдіріп, оған денсаулық пен алдағы дипломатиялық қызметінде табыс тіледі. Ол сондай-ақ Orbis Qazaqstan компаниясының Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған жобаларға белсенді түрде атсалысуға дайын екенін атап өтті.