Orbis Kazakhstan компаниясы Geely Coolray және Emgrand автомобильдерін Қазақстанда өндіреді
Orbis Kazakhstan компаниясы Қытайдың әйгілі Geely брендіне тиесілі Coolray және Emgrand модельдерін Қазақстанда шығарады. Өндіріс Алматы қаласында салынып жатқан Orbis Manufacturing зауытында жүзеге асырылады.
Geely Coolray – заманауи технологиялармен жабдықталған ықшам кроссовер, ал Geely Emgrand – кең салоны мен сенімді құрылымымен ерекшеленетін жайлы седан.
Екі модель де CKD (тұтастай бөлшектеу) технологиясы бойынша, жоғары деңгейде жергіліктендірумен және озық өндірістік шешімдерді қолдану арқылы құрастырылады.
Аталған жоба Geely Automobile International Corporation компаниясымен бұған дейін жасалған стратегиялық әріптестік туралы келісім аясында іске асырылуда. Бұл құжат – Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық бастамалардың маңызды бөлігі. Қазіргі уақытта тараптар жобаны жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудов былай деді:
«Біз бәсекеге қабілетті автомобильдерді шығаратын заманауи өндірістік алаң қалыптастырудамыз. Geely компаниясымен бірлесе отырып жүзеге асырылатын өндірісті жергіліктендіру процессі – бұл жай ғана жоба емес, екі тарап арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтатын стратегиялық қадам. Orbis Kazakhstan құрамындағы G-Motors Kazakhstan еншілес компаниясы бірнеше жылдан бері Geely маркасының Қазақстандағы ресми дистрибьюторы болып келеді. Біз брендтің нарықтағы жетістіктерін айқын көріп отырмыз: автомобильдерге деген сұраныс жоғарлауда, сату көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді. Енді біз дамудың жаңа кезеңіне – өндірісті жергіліктендіруге қадам басудамыз».
Orbis Manufacturing зауытының құрылысы 2025 жылы Алматы қаласының индустриялық аймағында басталды. Кәсіпорынды салу және іске қосу кезеңдеріне салынатын жалпы инвестиция көлемі 100 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында 1500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Geely автомобильдерінің өндірісі 2027 жылы басталады деп жоспарланған.
Orbis Manufacturing зауыты Orbis Kazakhstan холдингінің құрамына кіреді.